АИТВ — бұл адамның иммундық тапшылық вирусы. АИТВ ағзаны әртүрлі жұқпалардан қорғайтын иммундық жүйесін әлсіретеді. АИТВ иммундық жүйенің нақты жасушаларын зақымдайды (СД 4 жасуша). СД4 жасушалар санының төмендеуіне байланысты аурудың ауырлығын анықтайды.
ЖИТС — жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы: бұл атау дәрігерлердің 1981 жылы анықтаған жаңа жұқпалы ауруын атағаннан пайда болған. ЖИТС — адамның иммундық тапшылығынан пайда болатын, вирустық ауру — АИТВ — жұқпасының соңғы кезеңі. Иммундық жүйесі әлсіреген адам кез-келген ауруға төтеп бере алмайтын болады, әсіресе жұқпалы ауруларға, соның ішінде туберкулез бен өкпе қабынуына (пневмония).
АИТВ жұқпасы адамның туберкулез жұқпасына сезімталдығын арттырады. Туберкулез микобактериясын жұқтырған науқастарда АИТВ жұқпасы, бессимптомды туберкулез жұқпасының туберкулез ауруына ауысуының басты себебі болып табылады. Иммундық депрессия артқан сайын, яғни адам ағзасының иммунитеті төмендеген сайын ауру қаупі де арта бастайды. АИТВ — жұқпасы асқынған сайын, СД4 жасушаларының саны азайып, қызметтері бұзыла бастайды. Ағзаның туберкулез микобактериясымен куресуі барысында, дәл осы жасушалардың атқаратын рөлі аса жоғары. Иммундық жүйе туберкулез микобактериясының таралуы мен артуын тежейтін қасиетінен айырылады. Осының салдарынан, туберкулездің ауыр түрлері, шашыранды және туберкулездің өкпеден тыс түрлері пайда болады. АИТВ жұқтырған адамдарда туберкулезлің анықталуы 10 есе жиі кездеседі.
АИТВ жұқтырған науқастарда салмақтың азаюы, жөтел, температураның жоғарылауы сияқты белгілердің пайда болуы, туберкулездің анықталуына күмән тудырады. АИТВ жұқтырған адамдарда туберкулездің анықталуы кез келген кезеңде бола береді. Науқастың қанындағы СД4 жасушаларының деңгейіне байланысты туберкулез белгілерінің сәйкес тәуелділігі болады. Сонымен, СД4 жасушалары салыстырмалы түрде жоғары болса, туберкулездің болуы салыстырмалы түрде қарапайым болуы мүмкін және температураның жоғарылауымен, жөтелмен, ентігуімен, салмақтың азаюымен, түнгі уақыттағы терлеулермен сипатталады. СД4 жасушаларының концентрациясы төмен болып келетін науқастарда ауру біршама өзгеше сипатқа ие болады: уланудың айқын белгілері, аса жоғарғы безгек, өкпенің ауқымды қабынуы.Сонымен қатар туберкулез өкпеден басқа ағзаларда анықталады, әсіресе сүйекте, омыртқада, ми қабатында перикардта және лимфа түйіндерінің шамадан тыс қабынуы. Шамамен туберкулез науқастардың 60-80% өкпесін, сондай-ақ 30-40% өкпеден тыс аймақтарын зақымдайды.
АИТВ анықталған науқастар, өкпе туберкулезін дер кезінде анықтау мақсатында жыл сайын флюорографиялық тексерістен өтуі тиіс. АИТВ жұқпасы алғаш анықталған жағдайда, бұл адам толық медициналық тексерулерден өткізіледі. Флюорографиялық тексеруден кейін, туберкулез ауруы анықталмаған жағдайда, фтизиатр кеңесімен туберкулездің алдын алу мақсатында химиопрофилактикалық ем тағайындалып, 6 ай көлемінде изониазид дәрісін қабылдауы керек.
Туберкулезді жетік емдеудің ең басты шарты, ауруды дер кезінде анықтау болып табылады. АИТВ жұқпасына шалдыққан жандар туберкулез белгілері жайлы толық хабардар болулары керек және сол белгілер пайда болған жағдайда, денсаулықты тексерту мақсатында, емханаға тез арада қаралулары қажет.
Туберкулездің ең алғашқы басты белгілері:
— Жөтелдің 2 аптадан астам уақытқа созылуы
— Қатты шаршау
— Әлсіздік
— Тәбеттің төмендеуі
— Дене салмағының азаюы
— Кеуде қуысының ауыруы
— Түнгі уақыттағы терлеу
— Дене қызуының көтерілуі
Дегенмен, аталмыш белгілер тек туберкулез жағдайында ғана болмай, өзге де себептермен болуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер толық тексергеннен кейін ғана, туберкулезді бар -жоқтығын айқындай алады. Өкінішке орай, науқастардың көпшілігі алғашқы байқалған белгілерге аса көңіл бөлмей, ауруды асқындырып алады.
АИТВ – жұқтырған адамдарда туберкулезді емдеу туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінде жүргізіледі. Емдеу процесінде медицина қызметкері, науқастардың туберкулезге қарсы және ретровирусқа қарсы препараттарды қабылдауына бақылау жүргізеді. Емдеу мерзімі 6 айдан 24 айға дейін созылады, ол туберкулездің түріне, аурудың ағымы мен салдарына, науқастың өзіне және де оның ағзасының қорғаушы күштеріне байланысты болып келеді. Туберкулезді емдеу екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең — қарқынды кезең, ол 2 — 10 ай көлемінде стационарлық жағдайда жүргізіледі. Екінші кезең — жалғастыру кезеңі 4 -14 ай көлемінде амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Науқас өзінің тұрақты мекен жайына жақын орналасқан емханада арнайы тағайындалған медицина қызметкері бақылауында емін жалғастырады. Дәрілерді қабылдау, емнің толық курсы біткенше тікелей медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізілуі тиіс. Бұл нәтижелі емнің басты шарты, себебі науқастардың көпшілігі дәрілерді уақытында қабылдауды ұмытып кетуі немесе мүлдем қабылдағысы келмеуі мүмкін. Туберкулезге қарсы препараттарды қабылдауда жіберілген үзілістер немесе оларды мүлдем тоқтату, емнің әсерінің болмауының басты себептері болып табылады. Осы аталған себептер туберкулездің созылмалы түрінің қалыптасуына әкеп соғатындығымен қатар, туберкулез микобактериясының қарапайым сезімтал түрлерінің резистентті (төзімді) түріне алмасуының ең басты факторы болып табылады.
«Ден қойғанға ем қонады» дегендей, туберкулезден құлан-таза айығу науқастың өз қолында. Науқас адам уақытты өткізіп алмай, дер кезінде дәрігерге қаралып, емделсе, асқынудың алдын алуға болады. Толық емдеу курсын қабылдағаннан кейін де науқас диспансерлік бақылауда болып, уақтылы тексеруден өтіп отыру қажет.
Кенжегүл Әріпова,
дәрігер— фтизиатр