Туберкулез — қауіпті дерт

0 Комментариев

Туберкулез — адамдардың денсаулығына біршама нұқсан келтіретін әлемде ең ауқымды таралған жұқпалы аурулар қатарына жатады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде жыл сайын шамамен алғанда 9 млн жуық адам туберкулезге шалдықса, 2 млн адам осы аурудан көз жұмады екен. Біздің елімізде өкпе ауруына қарсы күресті күшейту бағытында елеулі шаралар жүзеге асырылуда. Қазақстан Үкіметі туберкулезбен күрес мақсатында 2014-2020 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылдады.

Туберкулез — туберкулез микобактериясы деп аталатын микроағзаларының адам ағзасына тусе салысымен, дами бастайтын жұқпалы ауру. Туберкулез жұқпасының ең басты көзі туберкулез науқасы мен оның бөлетін қақырығы болып табылады. Қатты сөйлеу, түшкіру, әсіресе жөтелу кезінде ауыздан сілекейдің ұсақ, көзге көрінбейтін тамшылары ұшады. Сау адам жұқпасы бар ауамен тыныс ала отырып, туберкулезге шалдығуы мүмкін. Тазалықты сақтамайтын науқастың жерге немесе еденге түкірген қақырығы кепкеннен кейін ауаға көтеріле отырып, заттарға, киімдерге жэне қабырғаларға қонады. Микробтары бар шаң-тозаң ауамен бірге өкпеге барып сау адамның сырқатқа шалдығуы мүмкін.

Туберкулезді жетік емдеудің ең басты шарты, ауруды дер кезінде анықтау болып табылады. Тұрғындардың барлығы туберкулез белгілері жайлы толық хабардар болулары керек және сол белгілер пайда болған жағдайда, денсаулықты тексерту мақсатында, емханаға тез арада қаралулары қажет.

Туберкулездің ең алғашқы басты белгілері:

— Жөтелдің 2 аптадан астам уақытқа созылуы

— Қатты шаршау

— Әлсіздік

— Тәбеттің төмендеуі

— Дене салмағының азаюы

— Кеуде қуысының ауыруы

— Түнгі уақыттағы терлеу

— Дене қызуының көтерілуі

Дегенмен, аталмыш белгілер тек туберкулез жағдайында ғана болмай, өзге де себептермен болуы мүмкін. Сондықтан, дәрігер толық тексергеннен кейін ғана, туберкулезді бар -жоқтығын айқындай алады. Өкінішке орай, науқастардың көпшілігі алғашқы байқалған белгілерге аса көңіл бөлмей, ауруды асқындырып алады.

Тұрғындар арасында өкпе туберкулезін анықтау мақсатында емханаларда флюорографиялық тексерулер жүргізіледі. Қазіргі таңда, туберкулездің дамуына қатысты қауіп- қатерлі тобына жататын, яғни туберкулезге шалдығу қаупі жоғары болып саналатын адамдар жыл сайын флюорорафиялық тексеруден өткізіледі.

Туберкулезбен ауыру қаупі жоғары («қауіп» тобы) топқа төмендегі адамдар жатады:

— созылмалы бейспецификалық өкпе ауруларымен;

— қант диабетімен;

— маскүнемдікпен;

— нашақорлықпен;

— АИТВ/ЖИТС ауруларымен диспансерлік есепте тұрған жандар;

— гармонды ем қабылдап жүрген жандар;

— жүйке ауруына шалдыққандар;

— жаңа босанған әйелдер;

— туберкулез науқастарымен қатынастағы жандар;

— айыпталушылар  және сотталғандар.

Туберкулез анықталған жағдайда науқас арнайы мамандандырылған туберкулезге қарсы диспансерінде есепке алынып, емделеді. Емдеу мерзімі 6 айдан 24 айға дейін созылады, ол туберкулездің түріне, аурудың ағымы мен салдарына, науқастың өзіне және де оның ағзасының қорғаушы күштеріне байланысты болып келеді. Туберкулезді емдеу екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезең — қарқынды кезең, ол 2 — 10 ай көлемінде стационарлық жағдайда жүргізіледі. Екінші кезең — жалғастыру кезеңі 4 -14 ай көлемінде амбулаториялық жағдайда жүргізіледі. Науқас өзінің тұрақты мекен жайына жақын орналасқан емханада арнайы тағайындалған медицина қызметкері бақылауында емін жалғастырады. Дәрілерді қабылдау, емнің толық курсы біткенше тікелей медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізілуі тиіс. Бұл нәтижелі емнің басты шарты, себебі науқастардың көпшілігі дәрілерді уақытында қабылдауды ұмытып кетуі немесе мүлдем қабылдағысы келмеуі мүмкін. Туберкулезге қарсы препараттарды қабылдауда жіберілген үзілістер немесе оларды мүлдем тоқтату, емнің әсерінің болмауының басты себептері болып табылады. Осы аталған себептер туберкулездің созылмалы түрінің қалыптасуына әкеп соғатындығымен қатар, туберкулез микобактериясының қарапайым сезімтал түрлерінің резистентті  (төзімді) түріне алмасуының ең басты факторы болып табылады.

«Ден қойғанға ем қонады» дегендей, туберкулезден құлан-таза айығу науқастың өз қолында. Толық емдеу курсын қабылдағаннан кейін де науқас диспансерлік бақылауда болып, уақтылы тексеруден өтіп отыру қажет.

Науқастарға туберкулез дертінен толығымен сауыққанға дейін мемлекет тарапынан бірқатар жағдай жасалып отыр. Туберкулезді емдеудің толық курсы тегін жүргізіледі.

Туберкулез әлеуметтік және жалпы медициналық мәселе, сондықтан туберкулездің алдын алу мақсатында әлеуметтік және медициналық тұрғыда бағытталған шаралардың кешені жүргізіледі.

Туберкулездің алдын алу шаралары екі бағытта жүргізіледі. Оның біріншісі арнайы шара — ол туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасын егу және туберкулез инфекциясы жұққан балаларға химиопрфилактикалық ем жүргізу. Біздің елімізде туберкулезге қарсы жаппай егу перзентханаларда жаңадан дүниеге келген сау нәрестелерге жүргізіледі. Одан кейін туберкулезге қайта егу жұмыстары 6-7 жастағы балаларға жасалады, алдын ала Манту сынамасы жасалып, іріктелгеннен кейін, яғни туберкулез жұқпасы анықталмаған жағдайда жүргізіледі.

Балалар арасында туберкулезді дер кезінде анықтау үшін және инфекцияның жұғу дәрежесінің қандай жағдайда екенін білу мақсатында туберкулин сынамасы және Диаскентест әдісі қолданылады. Туберкулин сынамасы тек қауіпті топтағы балаларға ғана жасалады. Бұл топқа туберкулез ошақтарындағы балалар мен жасөспірімдер, әлеуметтік тұрмыстары нашар отбасының балалары, ұзақ уақыт жөтеліп жүрген балалар, бойында әртүрлі науқастардың болуына байланысты педиатрда диспансерлік есепте тұрған балалар, гормондармен ем қабылдаушы балалар, жабық оқу орындарының контингенттері яғни мектеп-интернаттар, мүгедек балалар интернатының балалары, БЦЖ вакцинасы егілмеген және вакцинациядан кейінгі тыртық пайда болмаған балалар жатады. Бойына туберкулез инфекциясы бірінші рет жұққан балаларға 6 ай көлемінде химиопрофилактикалық ем тағайындалады.

Сонымен бірге химиопрофилактикалық ем ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдарға, туберкулездің белсенді түрі болмаған жағдайда жүргізіледі.

Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі — бұл туберкулезге шалдыққан барлық науқастарға толыққанды, кешенді және ең бастысы үзіліссіз ем жүргізу болып табылады. Себебі туберкулезге қарсы препараттарды қабылдаған науқастың бактерия бөлінуі тоқтап, жұқпаның қоршаған ортаға таралу процесі тежеледі.

Туберкулездің алдын алу шараларының екінші бағыты санитарлы алдын алу.

Туберкулез жұқпасының ең басты көзі — туберкулез науқасы мен оның бөлетін қақырығы болып табылады. Сондықтан туберкулезге шалдыққан науқас пен оның маңайындағы адамдар тазалық ережелерін сақтаулары шарт, науқас жататын бөлмені жиі- жиі желдетіп, ауа алмастырып отыру керек, қолданатын ыдыс- аяғы, орамал- сүлгілері болек болу керек. Мүмкіндігінше бөлмеде жихаз, кілем- төсеніштер аз болу керек, еденді жиі жуып, шаңдарды дымқыл шүберекпен сүртіп отыру қажет. Көрпе-жастығын, жүннен жасалған заттарын далаға шығарып, жел қақтырып, күн көзіне жайып алған жөн. Науқастың бөлмесі күнгей бетте орналасса тым жақсы.

Әрбір адамның денсаулығы өз қолында, салауытты өмір салтын ұстанып, арақ пен нашақорлықтан бойды аулақ салу керек, спортпен айналысып, тамақтану мәселесіне көңіл бөліп, адам организміне қажетті заттар мен витаминдерге бай азық-түліктерді пайдалану қажет.

Кенжегүл ӘРIПОВА,
дәрігер-фтизиатр

Return to Top ▲Return to Top ▲