Туберкулезді анықтау және оның алдын алу

0 Комментариев

Туберкулез — жұқпалы ауру. Көбінесе ауа тамшылары жолы арқылы жұғады. Сондықтан оны әр жерде жұқтырып алуға болады. Ауру көзі — туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдар. Инфекцияның негізгі таралу көзі — ем қабылдамай жүрген науқастар. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде қоршаған ортаға құрамында туберкулез микобактериясы бар сілекейдің көзге көрінбейтін тамшылары ұшады, ол ауада бірнеше сағат сақталады. Сау адам туберкулез таяқшасы бар ауамен тыныс ала отырып, туберкулезді жұқтырып алуы мүмкін. Егер туберкулезбен ауыратын адаммен ұзақ уақыт бойы нашар желдетілген орында бірге болсаңыз, оны жұқтыру қаупі арта түседі. Сондықтан, бөлмені үнемі желдетіп тұру қажет. Күн сәулесінің тікелей әсерінен туберкулез микобактериялары тез жойылады. Туберкулез ауруына шалдығатын адамдар қатарына балалар мен жасөспірімдерді, сонымен қатар осы ауру қоздырғыштарын бөліп шығаратын, тікелей туберкулезбен ауыратын адамдармен қарым-қатынаста болған адамдарды да жатқызуға болады.
Туберкулез ағзаның иммундық күштерінің әлсіреуінен (жеткіліксіз тамақтану, ауыр жұмыс, үсу, стресстік жағдайлар) туындауы мүмкін. Зиянды әдеттер (шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі қолдану) туберкулездің тез дамуына ықпал етеді.
Туберкулездің негізгі белгілері:
· жөтел 2 аптадан артық,
· қатты шаршау,
· әлсіздік,
· тәбетінің төмендеуі,
· кеуденің ауыруы, әлсіреу,
· дене салмағының азаюы,
· дене қызуының көтерілуі,
· түнгі уақыттағы терлеу.
Осы белгілерді есте сақтап, біліп жүргеніңіз абзал, өзіңізді және өз туысқандарыңызды туберкулезден қорғаңыз, уақтылы дәрігерге қаралыңыз.
Ересектер арасында туберкулез микроскопиялық зерттеу және флюорографиялық тексеру арқылы анықталады. Біріншісі, тез әрі арзан әдіс болып табылады. Елімізде дені сау тұрғындарды алдын ала тексеруден өткізу үшін флюорографиялық тексеруді кеңінен қолданады. Туберкулездің қатерлі тобындағы адамдар мақсатты флюорографиялық зерттеуден өткізіледі. Олар — декреттелген топтар (медицина мекемесінде жұмыс істейтіндер, ұстаздар, тұрғындарға қызмет көрсету мекемелері, өкпенің созылмалы түрімен, қант диабетімен ауыратындар, маскүнемдік, нашақорлық, босанған әйелдер және т.б.).
Міндетті тексерулер: бактериологиялық, рентгенологиялық.Уақытылы қойылған диагноз тиімді емнің жүргізілуіне себепкер болады.
Ол үшін:
· кез-келген емханаға немесе туберкулезге қарсы диспансерге қаралу қажет;
· медициналық қызметкердің бақылауымен ем қабылдау, дәрігер нұсқауларының барлығын орындау.
Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және сенімді әдісі — бұл туберкулезге шалдыққан барлық науқастарға толыққанды, кешенді және ең бастысы үзіліссіз ем жүргізу болып табылады. Себебі, туберкулезге қарсы препараттарды қабылдаған науқастың бактерия бөлінуі тоқтап, сәйкесінше жұқпаның қоршаған ортаға таралу процесі тежеледі.
Туберкулез — әлеуметтік және жалпы медециналық мәселе, сондықтан туберкулездің алдын алу мақсатында әлеуметтік және медициналық тұрғыда бағытталған шаралардың кешені жүргізіледі. Туберкулездің алдын алу екі бағытта жүргізіледі — арнайы, яғни тікелей ауру қоздырушысына бағытталған және дені сау адамдардың ауруға шалдығуларының алдын алуға бағытталған санитарлық алдын алу.
Олар:
· БЦЖ вакцинациясы және ревакцинация;
· саламатты өмір салты;
· жеке бас гигиенасын сақтау;
· бөлмені жиі желдету;
· құнарлы тамақтану;
· дене белсенділігі;
· зиянды әдеттерден бас тарту.
Туберкулезбен күрес фтизиатрлардың ғана міндеті емес, ол баршамыз бірлесе шешетін күрделі мәселе. Туберкулезді дер кезінде анықтау және емдеу, оның таралуының алдын алу үшін тұрғындардың тарапынан да түсіністік қажет. Әсіресе, инфекциялық бақылаудың бүкіл әлем мойындаған заманауи және жаңа әдістері енгізілуін дұрыс түсінуіміз керек.
Туберкулез – әлеуметтік маңызы бар дерт. Сондықтан, онымен күрес елдің экономикалық деңгейінің өлшемі ретінде барлық деңгейдегі ведомстволар мен қоғамымыздың әрбір мүшесінің бірлескен іс-әрекетін талап етеді.
Облыс тұрғындарының саламаттылығын дамытуда туберкулезге қарсы қызмет мамандарының сіңіріп келе жатқан еңбегі орасан. Олар туберкулездің алдын алу, дер кезінде тексерілу, емделуді қолға алу мәселелерін халық арасында тынымсыз насихаттап келеді. Туберкулез ұзақ уақыт емделуді қажет ететін дерт болғандықтан өз денсаулығына немқұрайлы қарауға болмайды, онымен күресуде жалпыхалықтық белсенділік қажет. Сондықтан, әрбір саналы, мәдениеті жоғары адам бұл індеттің алдын алуы тиіс.
Облыстық туберкулезге
қарсы диспансердің фтизиатр дәрігері
Динара КАРМЕНОВА

Return to Top ▲Return to Top ▲