stop-smoking22_0

Темекінің адам ағзасына тигізетін әсері

0 Комментариев

Ертеден келе жатқан зиянды әдеттердің бірі – темекі тарту. Бүгінде оны ер және әйел адамдар да, қарттар та, жастар та тартады. Көп адам темекіні жұмыс үстінде, үзіліс кезінде, көшеде, далада, қарны ашса да, тамақ ішсе де шегеді.Үлкендерге еліктеп темекі қалдықтарын балалар да аузына қыстырады. Бұл әдет алғашында еліктеу түрінде болғанымен келе-келе олар да үйреніп алады. Ал, темекі құрамында сан мыңдаған улы заттардың болатынын және оның ағзаға қауіпті әсер тигізетінін бірі білсе, бірі білмейді. «Темекі шегу — адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық» — деген белгілі фармаколог И. Догель. Темекі құрамында төрт мыңнан астам зиянды заттар бар. Темекі түтінінің құрамында никотин, көміртегі тотығы, аммиак, күкіртсутегі, формальдегид, фенол, түрлі қышқылдар, қорғасын, мышьяк, сынап, кадмий, кобальт, радиоактивті элементтер және т.б. бар. Осы ауыр металдардың салдарынан темекі бүйрек және бауырды улап, мүшелер мен ұлпада оттегінің жетіспеуі, ең алдымен, жүрек-қантамыр ауруларын және қан айналымын бұзады.
Темекі шегетін қыз-келіншектердің 30%-ның ұрпақ өрбіту қабілеті төмендейді, ал жүктілік кезінде өздігінен түсік тастау жиілейді; темекінің құрамындағы улы заттардың әсерінен ауру-сырқаулы, жүйке жүйесі зақымданған сәбилердің тууы көбейеді. Қыз балалар темекі шеге бастаған күннен-ақ бет терісі әлсізденіп, сұрлана бастайды. Шылымға тәуелді адамның ұйқысы бұзылып, ағза жүйелі түрде ауа жетіспеушілікке ұшырайды. Ұйқысыздық пен улы түтіннің салдарынан адам бойында әлсіздік, саусақтардың қараюы, тістердің сарғайып кетуі тәрізді, сондай-ақ түрлі буын аурулары пайда болады. Темекі шегушілердің арасында өте көп кездесетін ауру түрі — псориаз. Бұл ауру адамның иммунды жүйесінің әлсіреуі нәтижесінде туындайды. Ал иммунды жүйені көтеріп, адам бойындағы өмірге деген талпынысты арттырудың бірден-бір жолы — спорт. Ежелгі гректер: «Сұлу болғың келсе — жүгір, денің сау болсын десең — жүгір»,- деген екен. Сол секілді әрбір адам өз бойындағы жаман әдетке деген тәуелділігін жеңіп, өз денсаулығына пайдалы бір спорт түрін таңдаса немесе жай ғана әр демалыстарда отбасымен саябақтарда, бассейндерге, спорт алаңдарына шығып, таза ауамен тыныстаса, мұның өзі өзіне жасаған жақсылығы.
Темекі шегуден бас тартқысы келетіндер үшін берілетін кеңестер: өзіңіз үшін темекі шегудің жақсы және теріс жақтарын салыстырыңыз; соңғы шешімді қабылдаңыз және сөзіңізде тұрыңыз; никотинді ауыстыру терапиясы — сағыз, мұз кәмпит, ингалятор, мұрынға арналған бүріккіштер және т.б.; тыныс гимнастикасы; сумен емдеу шаралары.

«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС
валеологы Ақжайық Әлімжанова

Return to Top ▲Return to Top ▲