Мүсін деп адамның өз денесін әртүрлі қалыпта ұстай алу қабілетін айтамыз. Мүсін түзу және қисық болуы мүмкін. Денесін бос ұстап, тұла бойы мен басын еш қиналмастан түзу ұстап тұрған адамның мүсінін түзу деп атаймыз. Мүсіні түзу адамның жүрісі жеңіл, иығы сәл төмен және артқа берілген, кеудесі алға беріліп, іші жинақы, аяғы, тізе буын тұсы да жазылған болады.
Өз денесін дұрыс ұстай алмайтын адам аяғы бүгілген күйде жүріп тұрады, бүкірейеді, басы мен иығын төмен түсіріп алып, ішін шығарып жүреді.
Бұның көзге оғаш көрінетіні өз алдына, оның үстіне, ол өте зиянды. Мүсіні қисық адамның ішкі мүшелерінің қызметі нашарлай түседі.
Әдемі мүсін мен жеңіл жүріс бірден көзге түседі. Уақытыңның басым бөлігін сен мектепте партада, үйде жұмыс үстелінде өткізесің.
Саған түзу отыруды үйретсе де, тағы да есіңе сала кетейік:
• парта немесе үстел алдында тік отыр, сәл алға еңкей, басынды төмен түсірме;
• кеудеңді үстелдің немесе партаның шетіне тақама, үстелдің шеті мен кеудеңнің арасы қол өтімді болуы тиіс;
• орындықтың шетінде емес, орындыққа толық отыру керек, салмақ екі жамбасыңа бірдей түсуі тиіс;
• білегің еш қысымсыз үстелде бірдей жатуы тиіс;
• бір иығыңды екіншісінен төмен түсірме, аяғыңды жерге нық, қойып, түзу отыр.
Төменде сипатталған жаттығулар арқа мен іш бұлшық еттерінің ширақтығын сақтайды, кеуде мен омыртқа бөліктерінің толық қимылын қамтамасыз етіп, түзу мүсін қалыптастыруда септігін тигізеді.
• Тыныс ал. Түзу түр, аяғыңды бірге, қолыңды денеңнің бойында ұста. Қолыңды жоғары көтеріп, деміңді шығар. Шалқайып, терең тыныс ал. Қолыңды түсір, алға қарай еңкей, арқаңды бүгіп, бас пен иығыңды түсір — деміңді шығар.
• Төрт аяқтап тұр. Басыңды тік ұста. Арқаңды қатты бүгіп, 2-3 секунд сол қалыпта тұр. Бұрынғы қалпыңа келіп, бұл жаттығуды 5-7 рет қайтала.
• Ішіңмен жат, қолыңды дене бойымен ұста. Кеудеңді көтер. Бас пен аяғыңды неғұрлым жоғары көтеруге тырыс. Жаттығуды 5-8 рет қайтала.
• Ішпен жатып, қолыңды еденге тіре. Бар күшіңмен артқа иіліп, денеңді еденнен көтеруге тырыс. Жаттығуды 5-8 рет қайтала.
• Сол аяғыңды бүгіп еденге отыр. Сәл шалқай. Екінші аяғыңды бүгілген аяғыңның тізе тұсына апарып, сол қолыңмен оң аяғыңның саусақтарын ұстауға тырыс. Оң алақаныңның сыртымен беліңді ұста. Осы қалыпты бір минуттай сақтауға тырыс.