репродуктивное здоровье каз

Репродуктивтік денсаулық

0 Комментариев

репродуктивное здоровье каз

Репродуктивтік денсаулық дегеніміз — өмірдің кез келген сатысында өсімпаздық жүйенің ауру-сырқаттары болмаған жағдайдағы толық физикалық, ақыл-ой және әлеуметтік саулығы. Репродуктивтік денсаулықты сақтау — әр адам үшін маңызды!

«Репродуктивтік денсаулық» деген түсінікке жыныстық даму, жеке гигиена, жыныстық қатынас жатады.

Жыныстық даму — адам ағзасының генетикалық тұрғыда табиғи өзгеру кезеңі. Ол физикалық қана емес, моральды жэне эмоциялық тұрғыда да өзгереді. Бұл кезеңде бала есейіп, қарама-қарсы жыныс өкіліне деген қызығушылық туындайды. Жыныстық жетілудің негізгі ерекшелігі жыныстық белгілерінің дамуы болып саналады. Ұл балалардың беттеріне түк шыға бастап, дауысы өзгеріп, дене бітімі шымырлана түседі. Қыз балаларға етеккір келіп, сүт бездері қалыптасады, дене бітімдері толықси бастайды. Бұл процестердің барлығы адам баласының ұрпақ жалғастыруға бағытталған табиғи қажеттілігі. Бұл ұл бала мен қыз балалардың болашақ ата-ана болып қалыптасуының бірінші кезеңі.

Осы кезеңде сен өз денсаулығың үшін жауаптысың. Жыныстық қатынасты бастамас бүрын, оған қаншалықты дайын екенінді ойланып көр. Жақын адамдарыңның тәжірибесін өз пайдаңа асырып көр. Жыныстық қатынас туралы неғұрлым көп білсең (жүктілік, әртүрлі аурулар, сақтанудың түрлері және т.б.) келешек өмірің де соғұрлым тыныш және қауіпсіз болады.

Репродуктивтік денсаулықты сақтауда жеке гигиенаның маңызы ерекше.

ЕСІҢДЕ БОЛСЫН: жеке гигиенаны сақтасаң — өзіңнің және болашақ ұрпағыңның денсаулығының сау болуына жол ашады.

Міне, сен өзіңе нық сенімдісің, қадамың анық, еңсең көтерулі. Қазір біз «ерте» бастаған жыныстық қатынастардың қаупі туралы айтпай-ақ қояйық. Біз қазір «қауіпсіз» жыныстық қатынас туралы тақырыпты қозғаймыз.

Репродуктивтік денсаулықты сақтаудың басты шарты — контрацепция.

Әр адамның контрацепция тәсілдері жайлы білгені абзал. Жыныстық қатынаспен қазір айналысқың келе ме, әлде кәмелет жасқа толғаныңды күтесің бе; ол маңызды емес. Ең бастысы, сен өз болашағынды ойлауың керек.

Контрацепция тәсілдері:

  1. Жыныстық қатынастардан бас тарту — жүктілікті болдырмаудың 100 % тиімді тәсілі.
  2. Жүктілікке қарсы дәрілер — аналык, безден аналық жасушаның түзілуіне кедергі болады, яғни жүкті болу мүмкін емес. Ондай дәрілерді дәрігер жеке өзіңе таңдап береді және оны уақытылы, көбінесе күнде ішу керек. Басқа қызға жазып берілген дәріні ішуге болмайды. Бұл ағзаңа кері әсерін тигізіп, етеккір циклінің бұзылуына әкеліп соғады. Контрацепциялық дәрілер АИТВ-дан және жыныстык, жолмен жұғатын аурулардан сақтамайды.
  3. Жатыр ішіндегі спираль — құрамында мыс, прогестерон гормоны бар инерциялы пластиктен жасалады. Жатыр ішіндегі спиральді дәрігер-гинеколог жатырдың ішіне орналастырады. Ол ұрықтанған аналық жасушаның жатыр қабырғаларына жабысуына кедергі жасайды. Яғни жүктілік мүмкін болмайды. Жатыр ішіндегі спиральді көбінесе отбасын жоспарлайтын тұрмыстағы әйелдер қолданады. Жатыр ішіндегі спираль АИТВ-дан және жыныстық жолмен жұғатын аурулардан сақтамайды.
  4. Мүшеқаптар (кондомдар) — еркектерге және әйелдерге арналған болады.

Оны дұрыс қолданған жағдайда жоспарланбаған жүктіліктен, АИТВ-дан және жыныстық жолмен жұғатын аурулардан 98 % қорғайды.

  1. Спермицидтер — ұрықтарды өлтіріп, олардың жатырға енуіне кедергі болатын химиялық заттардан құралған кремдер. Бойжеткен жыныстық қатынасқа дейін 10 минут бұрын оны жағады. Спемицидтер АИТВ-дан және жыныстық жолмен жұғатын аурулардан сақтамайды.
  2. Физиологиялық тәсіл — таңертең ректалды температураны өлшеуге негізделген. Әдетте, ол температура 37 градустай болады. Бала көтеруге ыңғайлы күндер, яғни овуляция кезінде аналық жасуша аналык, безден түзіліп шыққанда ректалды температура 1-2 градусқа көтеріледі. Бұл етеккір циклінің ортасында болады, ондай жағдайда «көтеріп қалуға» болады. Дегенмен, бұл тәсіл сенімсіз және белгілі бір шарттарды талап етеді: температураны күнде, ояна салысымен, төсектен тұрмай мұқият өлшеу керек. Бұл тәсіл жастарға лайық емес, себебі қыздардың етеккір циклі әлі қалыптасып үлгермейді. Физиологиялық тәсіл АИТВ-дан және жыныстық жолмен жұғатын аурулардан сақтамайды.
  3. Стерилизация операция кезінде әйелдің жатыр түтіктерін байлап тастайды, сонда аналык, жасуша аналық безден жатырға өте алмайды. Еркектерді стерилизациялау ұрық, жолдарын хирургиялық тәсілмен байлау дегенді білдіреді, сонда ұрық толыққанды ұрық қалыптастыру үшін қуықасты безіне өте алмайды. АИТВ-дан және жыныстық жолмен жұүғатын аурулардан сақтамайды.

Біз саған қашанда мүшеқапты пайдалануға кеңес береміз. Бұл сақтанудың ең тиімді және дұрыс тәсілі!

Мүшеқапты дұрыс қолдану туралы нұсқаулықтар:

  • Мүшеқапты дәріхана мен дүкендерден сатып ал;
  • Сақталу мерзімі мен өнімнің қабына назар аудар;
  • Мүшеқапты бүлдіріп алмас үшін қабын абайлап аш;
  • Мүшеқапты қозған жыныс мүшесіне кигізу керек;
  • Мүшеқаптың майлы жағы сыртқа қарауы тиіс;
  • Шәует жиналатын жерде, мүшеқаптың ұшында ауасыз бос кеңістік қалғанын қадағала. Ол үшін мүшеқапты киер алдында екі саусағыңмен ұшын қысуың керек;
  • Майға негізделген жақпаларды (вазелин) қолданба. Себебі жақпаға латекс шыдамайды;
  • Суға негізделген жақпаны қолдан;
  • Шәует шыққан соң (жыныстық мүше әлі қозып тұрған кезде) жыныстық мүшеңді қынаптан шығар; мүшеқапты басынан ұстап тұр;
  • Қолданған мүшеқапты буып, кез келген қағазға орап, қоқыс шелегіне таста;
  • Мүшеқапты ешқашан екі рет қолдануға болмайды.

Инфекциялардан және жүктіліктен қорғанудың тағы бір жолы — ол жыныстық қатынастан бас тарту. Сенің үнемі жыныстық қатынаста болғың келетініңді жақсы түсінеміз, дегенмен кәдеңе жарайды деген бірнеше себептерді келтірейік.

Жыныстық қатынасқа «Жоқ!» деу:

  • Сені шын көңілмен сүйетін, саған қамқор болатын адамды кездестірген кезге дейін шынайы сезімді күту…
  • Сезіміңді басқаша білдіруге де болады.
  • Діни сенім (некеге дейін жыныстық қатынас құпталмайды).
  • Жоспарланбаған жүктілік.
  • Жасөспірімдердің мүшеқаптар мен жүктілікке қарсы дәрі алатын ақшалары үнемі болмайды.
  • Жасөспірімдердің көпшілігі мүшеқапты қалай дұрыс қолдану керектігін білмейді.
  • Егер қыз бала жүктілікке қарсы дәрілерді қабылдап жүрсе, оларды үнемі, көбінесе күнде ішу керектігін естен шығарып алуы мүмкін.
  • Жасөспірімдер жүктілік кезінде жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын болмайды.
  • Қыз баланың жүкті болып қалуы — оның және болашақ сәбиінің денсаулығына үлкен қауіп төндіреді, жүктілікті үзу де (жасанды түсік) қыздың денсаулығына өте қауіпті — қан көп кетіп, жатыры жарылып, тіпті бедеулікке әкеліп соғатынын біл.
  • АИТВ және жыныстық жолмен жұғатын ауруларға шалдығу қаупі бар.
  • Зорлық. Қыздар көп жағдайда күшпен жыныстық қатынасқа барады.
  • Ішімдік ішу. Көбінесе жыныстық қатынасқа мас күйде барады, ол кезде сақтанбаған жыныстық қатынасты қадағалау төмендейді немесе жыныстық зорлыққа әкеліп соғады.

Жоғарыда айтылған себептерді ескерген шығарсың. Қауіпті жағдайда қалмас үшін саған тағы бірнеше пайдалы кеңес бере кетейік:

  •  Отырыстар мен басқадай шараларға достарыңмен бірге бар;
  •  Отырыс пен шараларда ішімдік ішпе және психологиялық белсенді заттарды (есірткіні) қабылдама;
  •  Егер сен барған жерде ішімдік ішіліп, есірткі қолданылса кетіп қалғаның дұрыс;
  •  Романтикалық сөздерге, ұсыныстарға көнбеуге тырыс.
  • Шектен шықпа, өзіңді тым ашық, тым еркін ұстама;
  • Қауіпті жағдай туындай бастаса, дереу кетіп қал;
  •  Сені жыныстык, қатынасқа күштеуі мүмкін деген адаммен оңаша қалма;
  • Өзің сенбейтін адамдармен ешқайда барма;
  • Өзің сенбейтін адамдардан сыйлық, ақша алушы болма;
  • Саған ешкім көмектесе алмайтын оңаша жерлерден аулақ жүр;
  • Өзің сенбейтін немесе танымайтын жүргізушінің көмегіне жүгінбе;
  •  Жастар денсаулық орталықтарындағы, достық кабинеттердегі, аудан емханаларының мамандарымен кеңес.

Перзент сүйе алу жыныстық қатынасқа қабілеттілік қана емес, бұл психологиялық және әлеуметтік аспектілердің жиынтығы.

Дүниеге өзің күткен дені сау балалар келуі үшін әр адам өзінің репродуктивтік денсаулығын сақтай білуі керек. Есіңде болсын, бала тууға лайықты жас ол 20-35 жас аралықтары. Егер осы жастан ерте немесе кеш жүкті болсаң, жүктілік кезінде қатты қиналатының ана мен баланың денсаулығында ақау болатыны дәлелденген.

Жүктіліктің ерте кездегі белгілерін айтып кеткеніміз артық болмас:

  • Етеккір циклінің бұзылуы (етеккірдің кеш келуі немесе тоқтап қалуы);
  • Лоқсу, жүрек айнуы;
  • Токсикоз;
  • Емшектің ісінуі, ауыруы, ұшының түсі өзгеруі.

МАҢЫЗДЫ! Егер сендерде сақтанбаған жыныстық қатынас болса, жоғарыда көрсетілген белгілер байқалмаса да, міндетті түрде жүктілікті анықтайтын тест өткізу керек, оны дәрігердің тағайындауынсыз- ақ дәріханалардан сатып алуға болады немесе дәрігер-гинекологқа қаралу қажет.

Репродуктивтік денсаулыққа эсер ететін факторларды тағы қайталап өтейікші:

  1. Өмір сүру салты (күйзеліс, төмен дене белсенділігі, бейберекет жыныстық қатынастар, тамақтану, еңбек және демалыс уақыты және т.б.);
  2. Зиянды заттарды (темекі, ішімдік, есірткіні) қолдану;
  3. Экологиялық орта (қоршаған ортаның ластануы, радиация);
  4. Әлеуметтік орта (күнкөріс деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық);
  5. Тұқымқуалаушылық;
  6. Медициналық қызметтің қолжетімділігі;
  7. Кеңес және ақпарат беру қызметінің қолжетімділігі.

Қауіп-қатер мен оларды алдын алу жөнінде біраз мағлұмат алғаныңа сенімдіміз. Ал енді отбасын жоспарлау туралы сөйлесейік.

Отбасы — әр адамның баға жетпес құндылығы. Сол себептен некеге тұрмас бұрын репродуктивтік денсаулықты сақтау мен отбасын жоспарлаудың барлық аспектілерін ескерген жөн.

Отбасын жоспарлау — өмірімізге белсенді түрде еніп келе жатқан түсінік. Ол нені білдіреді және отбасын жоспарлау әрқайсымыз және әр отбасы үшін неліктен маңызды? Талай жылдан бері отбасын жоспарлау бала тууды шектеу деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Алайда отбасын жоспарлау — қалап туылған, дені сау ұрпақты дүниеге әкелу үшін әйел мен еркектің денінің саулығын қамтамасыз ету. Отбасын жоспарлау адамдарға отбасындағы бала санын, олардың туылу мерзімін таңдауға, өмірінді жоспарлауға, қажетсіз уайым-қайғылардан арылуға көмектеседі. Өкінішке орай, қазіргі заманда отбасы асығыс құрылады. Жастар жыныстық қатынасқа түсіп, контрацепциядан хабарсыз болған соң, қаламаған жүктілікке тап болады. Содан бала бағуға әлі дайын емес жеткіншектердің амалсыз үйленулеріне тура келеді. Отбасын жоспарлау осындай қателіктерді болдырмауға бағытталған. МАҢЫЗДЫ: Емханалар мен басқа да медициналық мекемелерде отбасын жоспарлау мектептері бар. Онда білікті мамандар сені мазалаған кез келген сұраққа жауап беріп, тиісті көмек көрсетеді.

ЕСІҢДЕ БОЛСЫН: Табысты адам қашанда жоспар құрады және оны жүзеге асырады!

 

Return to Top ▲Return to Top ▲