«Бірінші байлық» аталған денсаулықтың жайын қазақ қашаннан жоғары бағалаған. Расында да адам баласы үшін денсаулықтан артық байлық жоқ. Халықтың денсаулығы ел қуаты. Ел қуаты болашақ жастар.
Соңғы жылдары, өкінішке орай, жастар арасындағы нашақорлық аса өзекті проблемаға айналды. Нашақорлық — сырқат, емдеуден гөрі оның алдын алу жеңіл. Есірткі пайдалану салдарынан өлім де көбейіп отыр. Әдетте, құмарпаз нашақор 35 жасқа жетпей өледі, ал жасөспірім нашақорлар өмірінің орташа ұзақтығы есірткі пайдалана бастаған соң 5 жыл. Алғашқы кезде есірткіні ағзаға енгізу адамның өзін дені сау сезініп, көңіл-күйінің алдамшы көтерілуіне толық тәуелсіз сезінуіне әкеледі. Ал шындығында есірткіден адам психикалық және дене әлсіздігіне шалдығып, бүкіл ағзалары қатты уланады. Әдетте, 1-2 рет байқап көрудің өзі адамды наша таратушылардың құлы етеді, мүгедектікке апарады. Адам ағзасындағы заттардың алмасу процесіне араласып, есірткі, ең алдымен, мидың серотанин (мидың көңіл-күй өзгерістерін бақылауына көмектесетін зат) шығаратын жасушаларын өлтіреді, бұл адамның белсенділігін төмендетіп, селсоқтыққа әкеледі. Иммундық жүйе зардап шегеді. Сондықтан адам ағзасы түрлі инфекцияларға берілгіш келетін болады. Есірткі обырдың, асқазан жарасының пайда болуына итермелейді. Ең ауыр, қауіпті және емделуі қиын нашақорлық түрі — апиын нашақорлығы. Ортақ ине қолдану салдарынан АҚТҚ (СПИД) және түрлі ауруларды жұқтыру қаупі ұлғаяды. Ең жеңілі оны мүлдем пайдаланбау.
Қоғамдық сана мен мараль маскүнемдікке, нашақорлыққа, шылымқорлыққа барынша қарсы болуға тиіс. Бүгінгі таңда елімізде маскүнемдік пен шылымқорлық, есірткіні тыю мәселесінде жан-жақты күрес жұмысы жүргізілуде. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары мамандары жыл бойына жалпы білім беретін мектеп оқушылары және жастар арасында (дәріс, семинар-тренинг, дөңгелек үстел, сауалнама алу, акция, ойын түрінде және т.с.с.) алдын алу шараларын ұйымдастырады. Әсіресе, арақ-шарапқа, темекі мен есірткіге қарсы насихатты батыл жүргізуді, адамдарды ішімдік ішпеу, маскүнемдікке ымырасыз көзқарас рухында тәрбиелеу, тіпті аз мөлшерде арақ – шараптың адам денсаулығына тигізетін нұқсанын, сондай-ақ оның қоғамдық өмірінің барлық жағына, экономикаға, адамның тұрмысына, ар-ождандық келбеті мен санасына тигізетін кері жағын да нанымды ашып беруді қолға алып отыр.
Салауатты өмір салты дегеніміз – тек қана зиянды әдеттерден бас тарту ғана емес, бұл өз денсаулығына деген жауапкершілікті сезіну, жанұяда бақытты тұрмыс құру, бос уақытты мағыналы өткізу, адамның рухани жан – дүниесін байыта түсу мен дене тәрбиесімен айналысу, осының бәрі қоғамдық мүддемен ұштасатынын, сонымен тоғысатынын түсіну, яғни Қазақстан азаматы деген атаққа қай жағынан болса да лайықты болу.
«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС
валеологы Ақжайық ӘЛІМЖАНОВА