Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданында республикалық «Денсаулық жолы» кең ауқымды акциясына арналған промоакция өтті. Бұл промоакция тұрғындардың артериялық қан қысымын дұрыс өлшеуге үйретуге бағытталған. Өткен акцияға Булаев қаласының 53 тұрғыны қатысты. Акция барысында әрқайсысының артериялық қан қысымы өлшеніп, әлеуметтік маңызы бар сырқаттар жайлы кеңестер берілді. Сонымен қатар, «ЖІЖ» — деген не?», «Сақтандыру медицинасы» — дегеніміз не?», «Скринингтік тексерілуді қалай өтуге болады?», «Диспансерлік есепке қалай тұруға болады?» және «Артериялық қан қысымы — дегеніміз не?» деген ауқымды тақырыптарда түсініктемелер өткізілді. Қан қысымын өлшеткен 53 адамның 18-інде жоғары қан қысымы байқалды, бірақ осылардың небәрі 3-і ғана учаскелік терапевтің диспансерлік есебіне тіркелген екен. Тексерістен өткендердің орта жасы 56 жаста. Міне, осы өткен шара барысында мен Орталық аудандық аурухананың саламатты өмір салты дәрігері Карина Валерьевна Граувергке жолығып, осы тақырыпта әңгіме өрбіткен болатынмын, міне сол әңгімені республикалық «Вестник Авиценны» журналы оқырмандарының назарына ұсынып отырмын.
М.Б.: Қайырлы күн, Карина Валерьевна, міне, бүгінгі өткізіліп отырған промоакцияның маңыздылығы әрине жоғары, дегенменде біздің тұрғындардың өзінің артериялық қан қысымына деген жауапкершілігі қаншалықты жоғары немесе төмен екені осындай шараларда байқалады ғой. Бүгінгі өткен шара барысында көріп отырғандай біздің Булаев қаласы тұрғындарының өз денсаулығына алаңдаушылығы жаман емес екені көрінеді. Енді міне, осы өткен шара адамның артериялық қан қысымына арналғандықтан, осы қалыпты жағдайда адамның артериялық қан қысымы қандай болуы керек екенін және оны қалай дұрыс өлшеуге болатыны жайлы айтып өтсеңіз?
К.Г.: Жоғары қан қысымы — адамның күретамырындағы қысымның бірқалыпты деп саналатын сандардан жоғары болуы, бұл дегеніңіз қандайда болмасын физикалық немесе эмоциялық жүктемеден соң 10 минуттан соң өлшенген 110/70-ден 139/89 миллиметрге дейін сынап бағанасы бойынша көрсеткіші. Физикалық немесе эмоциялық жүктемеден соң көтеріліп кеткен артериялық қан қысымы норма деп саналады және артериялық қысым сандары ағзаның физикалық шыдамдылығын анықтауға қолданылады.
М.Б.: Жоғары қан қысымы байқалатын негізгі шағымдар және адамның өзін жайсыз сезінетін жай-күйі.
К.Г.: Дүркін-дүркін бастың ауруы, көбіне құсқың келіп бастың айналуы, құлақта шуылдың пайда болуы аурудың алғашқы белгілері. Сонымен қатар, бастың самай тұсында лүпілдің пайда болуы, көз алдыңда көлбеңнің пайда болуы, тез шаршау сияқты белгілер де осы қан қысымының жоғары екендігін білдіреді. Оған қоса жүрек соғуының күшеюі, кейде жүрек тұсындағы батып ауруда осының бір белгісі. Ал, көбіне осы жоғары қан қысымы еш белгісіз де (симптомсыз) болады да, тек медициналық тексеру өткізгенде ғана анықталады. Соған қарамастан қан қысымы жоғары адамдар міндетті түрде емделуі тиіс, себебі бұл сырқат адамның ағзасына кері әсерін тигізіп, басқа ауруларды туғызуы немесе қоздыруы әбден мүмкін.
М.Б.: Осы жоғары қан қысымының көтерілу себебі неде?
К.Г.: Артериялық қан қысымын көтеретін себептер өте көп. Оны анықтамас бұрын сізде артериялық қан қысымы қалыпты ма, әлде жоғары ма соны анықтап алу қажет. Ал себептеріне тоқталсам, олар жетеу. Артериялық қысым тәуекелінің даму факторлары:артық салмақ, дененің төмен белсенділігі, шылым шегу, созылмалы күйзеліс, холестериннің жоғары деңгейі (5,2 ммоль\л астам), қанның құрамында қанттың жоғары деңгейі (5,5 ммоль\л астам), семіздік, отбасында жақын туыстардың жүрек-қан тамыры ауруының болуы.
М.Б.: Осы қан қысымы қалыпты адамдар өзінің қан қысымы жоғары деп қателесуі мүмкін бе? Мүмкін болса ол қандай себептер?
К.Г. Иә, мүмкін, ол артериялық қан қысымын дұрыс өлшемеу себепті болуы мүмкін. Қан қысымын өлшеуде келесі қарапайым ережелерді дұрыс сақтау қажет. Олар: артериялық қысымды өлшеу алдында 5 минуттай демалу қажет; артериялық қысымды өлшеуден 30 минут бұрын шылым шегуден, шай, кофе, ішімдіктер ішуден бас тарту қажет. АҚ өлшеу кезінде орындықтың арқасына сүйеніп отыру қажет, қол үстелде қозғалмай жатуы тиіс, сөйлеуге болмайды, манжет білекті орауы тиіс, ал төменгі шеті шынтақтың бүгілген жерінен 2-3 см жоғары болуы тиіс, манжеттің үрленетін қабы жүрек тұсында болуы тиіс, аяқты айқастырмай, табанды еденге қою қажет; қуықты босату қажет, киім иықты баспауы тиіс, артериялық қысымды киімнің үстінен өлшеуге болмайды. Міне, осы үш қарапайым шарттарды орындамаса, артериялық қысымның көрсеткіштері қате болуы мүмкін.
М.Б.: Карина Валерьевна мана бір сөзіңізде осы жоғары қан қысымы адам ағзасына кері әсер етіп, басқа сырқаттарға әкеледі дедіңіз, олар қандай сырқаттар?
К.Г.: Ондай сырқаттар қатарына миокард инфарктісі, инсульт, жүрек қызметінің жетіспеушілігі, бүйректердің зақымдалуы сияқты қауіпті асқынулар тәуекелінің даму факторы болып табылады.
М.Б.: Жоғары артериялық қан қысымын болдырмаудың жолдары бар ма? Болса, олар қандай жолдар?
К.Г.: Әрине, бұл өмірде мүмкін емес зат болмайды ғой, сол себепті де бұл аурудың да алдын алуға болады. Ең бастысы, ұйқыны қандырып, дұрыс демала білу қажет, уақытында дұрыс тамақтанып, диета сақтау, көбірек дене жаттығуларын жасап, шылым шегу мен алкогольді мөлшерден тыс тұтынуды тоқтату және ең бастысы, уақтылы профилактикалық қаралудан өтіп отыру кімге де болсын бұл сырқаттың ауылын алшақтатады.
М.Б: Соңғы уақытта «жасарып» бара жатқан сырқаттардың қатарындағы – артериялық жоғары қан қысымы жайлы әңгімеңізден біздің оқырмандар өздеріне пайдалы мағлұғат алды деген ниеттемін. Сол себепті де бүгінгі тартымды да пайдалы әңгімеңіз үшін алғысым шексіз. Болашақта еңбегіңізге табыс, сырқаттарыңыз немқұрлы аз болып, азаматтардың өз денсаулығына деген көзқарастары өзгереді деген ниеттемін.
К.Г.: Иә, қазіргі күнде бұл сырқаттың «жасарған» сырқаттардың қатарына еніп отырғаны рас, бірақ та әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, жоғарыда айтылған кеңестерді қатаң ұстанып, уақтылы дәрігерге қаралып отырса, мен де бәрі жақсы болады деген ниеттемін.
М.Б.: Рахмет. Сау болыңыз.
МЕДЕТ БЕКІШЕВ
Солтүстік Қазақстан облысы
Мағжан Жұмабаев ауданы
өткен промоакциядан суреттер
Жеке суреттте: Карина Грауверг Мағжан Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының саламатты өмір салты дәрігері